Маңғыстау облыстық тарихи-өлкетану музейі

Алтынқазған — б.з. III–VI ғасырларға жататын діни-ғұрыптық және жерлеу кешені. Ол Солтүстік Ақтаудың (Ақмая) борлы кемері мен Батыс Қаратау жоталары аралығындағы алқапта орналасқан. Алтынқазған кешені Халықтардың Ұлы қоныс аударуы дәуірінің мәдени мұрасына жатады. Оның қалыптасуы ата-бабалар рухына тағзым ету, сый-таралғы атау мен құрбандық шалу дәстүрлеріне негізделген.

Кешеннің басты нысандары — құрбандық шалу рәсімдері өтетін культтік қоршаулар мен алтарлық құрылымдар. Археологиялық зерттеулер нәтижесінде кешен ғұн дәуіріндегі көшпелі тайпаларға тиесілі деген ғылыми болжам жасалды.

Алтынқазғаннан табылған жәдігерлердің қатарында адам беті бейнеленген бастырма, жүгеннің сәндік элементтері, айылбастар, күміс шығыршықты темір ауыздық, жыртқыш аңдар, киік, құс, қабан бейнелері бар ердің күміс қаптамасы, мыс қоңыраулар және басқа да культтік бұйымдар бар.

Жылқы әбзелдерінің үлгілері мен сәндік элементтерінің ешбір аналогы жоқ және олар Маңғыстау өңірін мекендеген ғұн тайпаларына тән айрықша стильді көрсетеді. Соңғы зерттеулер барысында табылған күміспен күптеліп, алтынмен жалатылған жылқы әбзелдері мен жүгендер полихромды ғұндардың сәндік стилінің айқын үлгісі болып табылады және көшпелі қоғамның әлеуметтік ауқатын айғақтайды.

Сонымен қатар үзеңгілер, белдік тоғалары, жебе ұштары, пышақтар, шыны моншақтар мен тұрмыстық бұйымдар да анықталған. Қазіргі таңда Алтынқазған кешеніне әлемдік деңгейде ғылыми қызығушылық артып келеді.

Фотосуреттегі жапсырмалар:

  • Ердің алдыңғы қас бөлігінің мыс жиекті күміс қаптамасы
  • Ердің алдыңғы қасының мыс жиекті күміс қаптамасы
  • Ердің артқы қас бөлігінің күміс қаптамасының зооморфтық өрнегі
  • Жүгеннің жапырақ пішінді айылбасы
  • Полихромдық стильдегі әшекей
  • Геральдикалық белдік айылбасы
  • Белдікке арналған сәндік жапсырмалар
Қазақстан Республикасы Президентінің ресми сайтыҚазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігіМаңғыстау облысының әкімдігі ресми сайтыМанғыстау облысының мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасыМемлекеттік органдарға өтініш беру