Бәйте-3 ғибадатханасы – алғашқы көшпелілер өркениетінің бірегей сәулет ескерткіштерінің бірі. Негізі тастан қаланған күмбезді құрылыстардан тұратын бұл кешен ежелгі көшпелілердің Тәңірге табынушылық дәстүрі мен далалық сәулет өнерінің дамуын айғақтайды.
Ғибадатхана алғаш рет 1983 жылы белгілі болған. 1988 жылға дейін Мәскеу археология институтының Волга-Орал экспедициясы кешенде зерттеу жұмыстарын жүргізді. 1990 жылы Батыс Қазақстан археологиялық экспедициясының жетекшісі З. Самашев Үстіртте орналасқан Бәйте-3 ғибадатханасына қазба жұмыстарын жүргізді.
Бұл кешеннен табылған антропоморфтық мүсіндер сармат дәуіріне, дәлірек айтқанда б.з.д. IV–III ғасырларға жатады. Мүсіндер негізінен жауынгер бейнесінде жасалған: бір қолы төмен түсірілген, екінші қолы ішіне қысып ұсталған. Жауынгер бейнесі семсер мен дулыға арқылы берілген, ал әлеуметтік мәртебесі гривна мен білезік бейнелерімен көрсетілген. Мүсіндердің саны бірнеше данадан 30–40 данаға дейін жетеді. Олардың биіктігі 2 метрге дейін барады.
Археологиялық қазба жұмыстары барысында тастан жасалған алтарьлар табылды. Бұл деректер көшпелілердің діни рәсімдерінде отты кеңінен қолданғанын дәлелдейді. Сондай-ақ ғибадатхананың ішкі қабырғаларында ру таңбалары бейнеленген. Олар алан кезеңіне тән. Ғалым Л. Галкин бұл кешенді антропоморфтық мүсіндер галереясы ретінде сипаттайды. Ұқсас ескерткіштер Қара теңіз маңындағы скифтер арасында да кездеседі









